Күнтізбе

Әйелдер арасындағы Ұлттық лиганың III турына шолу

Әйелдер арасындағы Ұлттық лиганың III турына шолу

31 қазан мен 1 қараша күндері Қазақстанның үш қаласында әйелдер командалары арасындағы Ұлттық лиганың тұрақты чемпионаты аясындағы кезекті матчтар өтеді.

«Жетісу» мен «Quanysh» III тур ойындарын өткізіп қойғандықтан, бізді қалған алты клубтың арасындағы кездесулер күтіп тұр.

«Ertis» – «Буревестник»

Павлодар қаласы, «Баянтау» спорт кешені

31 қазан – 17:00, 1 қараша – 17:00

Павлодар қаласы осы маусымда алғаш рет әйелдер арасындағы Ұлттық лига матчтарын қабылдайды. «Ertis» алғашқы екі турда чемпионаттың басты фавориттерінің алаңында қонақта ойнады. Алдымен Евгений Николаевтың командасы Талдықорғанда қазіргі чемпион «Жетісуға» лайықты қарсылық көрсете алмады. Ал одан кейін петропавлдық «Quanysh» клубымен кездесуде павлодарлық волейболшылар бір партия жеңіп алды.

Енді олардың алаңына Алматыдан келген команда қонаққа барады. Маусым басында «Berel» командасынан екі рет жеңілген алматылықтар кейін «Ақтөбе» командасына еш мүмкіндік қалдырмады.

«Ақтөбе» – «Berel»

Ақтөбе қаласы, «Алихан» спорт кешені

31 қазан – 18:00, 1 қараша – 18:00

Алдағы кездесулердің алаң иелері Түркістан мен Алматыға жасаған сапарларынан кейін әзірге бірде-бір партия жеңіп алған жоқ. Ал Шығыс Қазақстанның командасы алғашқы екі турда төрт жеңіске қол жеткізіп, «Буревестник» пен «Қарағандыдан» айқын басым түсті.

Өз жанкүйерлерінің қолдауымен ақтөбеліктер Халук Коркмаздың командасына қарсы бұл статистиканы өзгертуді көздейтіні анық.

«Қарағанды» – «Тұран»

Теміртау қаласы, «Жауыртау» спорт кешені

31 қазан – 16:00, 1 қараша – 16:00

«Қарағанды» үй матчтарын облыс орталығынан 35 шақырым жерде орналасқан Теміртау қаласында өткізеді. Бұл қала тек қарағандылық команданың ғана емес, жалпы Қазақстанның көптеген волейболшысының туған жері саналады.

Ұзақ жылдар бойы КСРО мен Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Валерий Сергеевич Елисеевтің жетекшілігімен Теміртау волейбол мектебі қазақстандық волейболдың кадрлар ұстаханасы болды.

Енді үлкен волейбол Теміртауға қайта оралды.

«Қарағанды» Петропавл мен Өскеменде өткен алғашқы екі турда ұпай жинай алмады. Енді команда Қазақстан Кубогының қазіргі иегерімен кездеседі. «Тұран» өз алаңында «Ақтөбемен» өткен матчтарда алты ұпай жинап, Талдықорғанда екі рет жеңіліс тапқан болатын.

31 қазан мен 1 қараша күндері өтетін барлық матчтардың тікелей трансляциялары volley.kz сайтында және Қазақстан Ұлттық волейбол федерациясының YouTube арнасында қолжетімді болады.

Үнемі бізбен
бірге болыңыз
Қосымшаны жүкте
app storegoogle play
Mobile APP
Almaty International AirportСамұрық-ҚазынаSport QoryFreedom travelqsport