Қазақстан құрамасы Азия Пара ойындарының финалында

Бүгін, 22 қазанда, жартылай финалда Қазақстан волейболшылары Ирак құрамасын 3:2 есебімен жеңіп, турнирдің шешуші кезеңіне жолдама алды.
Матч өте тартысты өтті. Алғашқы екі партияда Ирак құрамасы басым түсіп, 27:25 және 25:21 есебімен жеңіске жетті. Алайда қазақстандық спортшылар мінез танытып, ойын тізгінін өз қолдарына алды. Қалған үш партияда 25:13, 25:15 және 15:8 есебімен жеңіске жетіп, керемет камбэк жасады.
Бұған дейін Қазақстан құрамасы Таиландты 3:0 есебімен жеңіп, Иранға 0:3 есебімен жол берген болатын.
Енді ұлттық құрама Азия Пара ойындарының алтын медальдары үшін бақ сынайды. Финалда командамызға сәттілік тілейміз!




































