«Түркиялық дерби»: әйелдер Ұлттық лигасының V турына превью

28 және 29 қараша күндері Қазақстанның төрт қаласында әйелдер командалары арасындағы Ұлттық лига тұрақты чемпионатының кезекті тур ойындары өтеді.
«Berel» – «Quanysh»
Өскемен қаласы, «Жекпе-Жек» спорт кешені
28 қараша – 17:00 | 29 қараша – 19:00
Турнир кестесінің көшбасшылары арасындағы орталық матчтың мәртебесін екі клубтың да түркиялық мамандар жаттықтыратыны одан әрі арттыра түседі. Халук Көркмаз – «Berel» волейбол клубының бас жаттықтырушысы, ал Саим Паккан – «Quanysh» волейбол клубының бас жаттықтырушысы. Қазақстан волейболы тарихындағы алғашқы екі матчтан тұратын «түркиялық дербиде» алты ұпай сарапқа салынады. Солтүстік Қазақстан командасының Шығыс Қазақстан облысының көшбасшыларынан небәрі үш ұпайға қалып отырғанын ескерсек, екі ұжым үшін де бұл кездесулердің маңызын асыра бағалау қиын.
«Буревестник» – «Жетісу»
Алматы қаласы, «Чемпиондар» спорт кешені («Достық»)
28 қараша – 18:00 | 29 қараша – 18:00
Жетекші ойыншылары жарақатына байланысты қатардан шыққан Талдықорған клубы тәжірибелі «Буревестник» құрамымен сырт алаңда кездеседі. Ал 6 желтоқсанда Қазақстанның қазіргі чемпионы Бразилияда өтетін клубтық әлем чемпионатында ойындарын бастайтынын ескерсек, дәл қазір Марко Гршичтің орнында болғысы келетіндер көп емес шығар.
Қазіргі уақытта «Жетісу» турнир кестесінде үшінші орында тұр. «Berel» көшбасшысынан алты ұпайға қалып, алматылықтардан екі ұпайға озып келеді.
«Актобе» – «Караганда»
Ақтөбе қаласы, «Әлихан» спорт кешені
28 қараша – 18:00 | 29 қараша – 18:00
Теориялық тұрғыдан Сергей Сафроновтың командасы өз алаңындағы тур қорытындысы бойынша қарағандылықтармен және павлодарлық клубпен ұпай санын теңестіре алады. «Актобе» сегіз ойыннан кейін әзірге жеңіске жеткен жоқ, алайда алтыншы және жетінші орындардағы командалардан айырмашылығы небәрі алты ұпайды құрайды.
Ал «Караганда» өзге нәтижелер қолайлы болған жағдайда, Ақтөбедегі қонақ матчтарынан кейін турнир кестесінде жетінші орыннан бірден бесінші орынға көтерілу мүмкіндігіне ие.
«Туран» – «Ertis»
Түркістан қаласы, «Olympic Center» спорт кешені
28 қараша – 18:00 | 29 қараша – 18:00
Қазақстан Кубогының қазіргі иегері турнир кестесіндегі бесінші орнына көңілі тола қоймағаны анық. Асқар Шалқибеков өз командасының бесінші тур қорытындысы бойынша «Буревестникпен» ұпай санын теңестіру жоспарын көздеп отырғаны сөзсіз. Алайда өткен турда көптен күткен жеңістерге қол жеткізген Евгений Николаевтың командасы бұған келісе қоймас.
Әйелдер Ұлттық лигасының V тур матчтарының трансляциялары КНФВ-ның YouTube арнасында қолжетімді болады.
28 қарашада өтетін «Berel» – «Quanysh» матчын QSport телеарнасы көрсетеді, ал 29 қарашадағы осы командалардың екінші кездесуін QAZSPORT телеарнасы эфирге шығарады.
Қазақстан Ұлттық волейбол федерациясы волейболды дамытуға және Қазақстанда ірі спорттық іс-шараларды өткізуге қолдау көрсетіп келе жатқан Бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» АҚ және серіктесі – «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры» корпоративтік қорына алғыс білдіреді.







































