Қазақстанның Дакардағы жасөспірімдер Олимпиадасындағы ту ұстаушылары белгілі болды

Сенегалдың Дакар қаласында өтетін IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасының ашылу салтанатында Қазақстан құрамасының туын дзюдошы Фатима Супығалиева мен жағажай волейболының өкілі Әлихан Ағабек ұстайды.
Фатима Супығалиева 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді. 2026 жылы қазақстандық спортшы кадеттер арасындағы әлем чемпионы атанды. Сондай-ақ оның еншісінде 2025 жылы Бахрейнде өткен жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарының алтын медалі бар.
Әлихан Ағабек Қазақстан атынан жағажай волейболынан Оразалы Сағынышпен бірге өнер көрсетеді. 2025 жылы спортшылар Бахрейнде өткен жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алды. Сонымен қатар, қазақстандық жұп 2026 жылы 18 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатының 1/16 финалына дейін жетті.
Жалпы, Дакардағы жасөспірімдер Олимпиадасында Қазақстан атынан спорттың 11 түрі бойынша 18 спортшы бақ сынайды.
Еске сала кетейік, IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасы 2026 жылғы 31 қазан мен 13 қараша аралығында өтеді. Дакар Африка құрлығында жасөспірімдер Олимпиадасын қабылдайтын алғашқы қала болмақ.








































