Волейболдан ерлер арасындағы Ұлттық лиганың II турына шолу

22–23 қазанда Алматы, Тараз, Талдықорған және Өскемен қалаларында ерлер командалары арасындағы Ұлттық лиганың екінші турының матчтары өтеді.
«Буревестник» (Алматы) – «Жайық» (БҚО)
Өтетін орны: Алматы қаласы, «Достық» спорт кешені
Матчтардың басталу уақыты: 22 және 23 қазан, сағат 19:00
Бірінші турда «Атырауды» екі рет жеңіп, алты ұпай жинаған Марат Иманғалиевтің командасы чемпионаттың турнирлік кестесінде жеке-дара көш бастады.
Бұл жолы «Буревестник» командасына қонаққа Ұлттық лиганың қазіргі қола жүлдегері, бірінші турды өткізіп алған оралдық «Жайық» келеді.
«Тараз» – «Атырау»
Өтетін орны: Қаратау қаласы, «БЖСМ №31»
Матчтардың басталу уақыты: 22 және 23 қазан, сағат 16:00
Өткен турда алаң иелері «Ақтөбе» волейболшыларымен ұпай бөлісті. Ал бұл жолы Таразға әзірге бірде-бір ұпай жинай алмаған, жеңіске деген жігері арта түскен «Атырау» келеді.
Игорь Никольченконың жаттықтырушылар штабы Алматыдағы екі жеңілістен тиісті қорытынды шығарғаны анық. Сондықтан Юрий Башкатовтың командасын оңай ойын күтіп тұрған жоқ.
«Жетісу» (Жетісу облысы) – «Ақтөбе»
Өтетін орны: Талдықорған қаласы, «Жастар» спорт сарайы
Матчтардың басталу уақыты: 22 және 23 қазан, сағат 18:00
Талдықорғанда өткен маусымдағы Ұлттық лиганың финалистері кездеседі. Қазақстанның қазіргі чемпионы мен күміс жүлдегерінің текетіресі әрдайым үлкен қызығушылық тудырады.
Енді жанкүйерлердің үміті ақталып, екі команда да ымырасыз әрі тартысты ойын көрсетеді деп күтеміз.
«Berel» (ШҚО) – «Оқжетпес»
Өтетін орны: Өскемен қаласы, «Жекпе-жек» спорт сарайы
Матчтардың басталу уақыты: 22 және 23 қазан, сағат 18:00
Көкшетаулық клуб маусымаралық кезеңде мықты құрам жасақтап, Талдықорғанда «Жетісуды» жеңіп, қарсыласынан үш ұпай тартып алып, көпшілікті таңғалдырды.
Бұл жолы «Оқжетпеске» өз алаңында Рафаиль Гилязутдинов жаттықтыратын жас команда қарсы тұрады. «Berel» алғашқы турда Солтүстік Қазақстан облысының «Quanysh» командасымен кездесуде екі ұпай жинады. Сондықтан бұл команданы бағаламауға болмайды.


























