Инклюзивті волейбол

26 қыркүйекте елорда төрінде маңызды әрі айтулы спорттық шара — отырып ойналатын волейболдан (параволейбол) ашық қалалық чемпионат өтеді. Бұл спорттық доданы Астана қаласының волейбол федерациясы мен Қазақстан Параволейбол федерациясы бірлесе ұйымдастыруда.
Бұл турнирдің басты ерекшелігі — оның бірегей инклюзивті форматында. Сайысқа кәсіби параволейбол шеберлерімен қатар, мүгедектігі жоқ әуесқой және кәсіби спортшылар да бір алаңда, тең дәрежеде өнер көрсетеді. Мұндай ортақ алаң мүмкіндігі әртүрлі азаматтардың басын қосып, қоғамда теңдік қағидаларын нығайтуға, мызғымас командалық рух пен өзара түсіністікті қалыптастыруға зор үлес қосады.
Барлық ойындар Дүниежүзілік параволейбол федерациясының (World ParaVolley) отырып ойналатын ресми ережелері мен талаптарына сәйкес өткізіледі. Жарыс соңында жеңіс тұғырынан көрінген жеңімпаздар мен жүлдегер командаларға арнайы кубоктар, естелік медальдар және ресми дәрежедегі дипломдар салтанатты түрде табысталады.
Астана қаласының волейбол федерациясы осы игі әрі әлеуметтік маңызы бар бастамаға жан-жақты демеушілік көрсеткен сенімді серіктестері — «Самұрық-Қазына» АҚ, «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры» корпоративтік қорына, сондай-ақ Құмар ойындарды мониторингтеу орталығына шынайы алғыс білдіреді.
Бұл чемпионат — инклюзивті спортты кешенді дамытуға, қоғамда салауатты өмір салтын насихаттауға және Астана қаласындағы тұтас волейбол қауымдастығын ортақ мақсатқа жұмылдыруға арналған маңызды қадам!













