Главная / Главные Новости / Ұлттық лига додасы бел ортасынан асты chempionat-rk

Ұлттық лига додасы бел ортасынан асты

16/12/2022

ҚР XXXI чемпионаты – 2022/23

Ұлттық лига «1XBET» (ерлер)

2-ші тур (06-13 желтоқсан 2022, Алматы)

Ұлттық лигадағы үздік клубтарымыз «1XBET» ХХХІ ел чемпионатының бел ортасынан өтті. Екі тур да Алматыда өтіп, былтырғы маусымдағы ел чемпионы ғана, яғни «Атырау» ВК жігіттері ғана әлі ұтылмай келеді.

Мұнайшылар 14 ойында да жеңіске жетіп, тек тай-брейкте бір ұпай жоғалтты. Сөйтіп, Жаңа жыл мерекесін жеке-дара көшбасшы мәртебесінде қарсы алатын болды. Әрі өкшесін басып келе жатқан «Буревестник» командасынан бес ұпай айырмасымен қара үзіп кетті.

Жалпы, биылғы күнтізбелік жыл атыраулықтар үшін өте сәтті болды. Ақпан айында үшінші турдағы жеті матчта да жеңіске жетіп, сол кезде көш бастап келе жатқан «Тараз» тарландарын өкшесін басты, екеуінің арасын екі ұпай ғана бөліп тұрды. Әрі өзінен кейінгі командадан 13 ұпай айырмасымен ұзап кетті. Төртінші турда осы көрсеткіштері сеп болып, екінші орынды сақтап қалды.

Ал плей-офф додасында «Буревестник» жігіттерімен жолы түйісіп, бірінші ойында ұтылып қалғанымен, одан кейін екі рет жеңіске жетті. Сөйтіп финалға шықты. Ал финалда екі мәрте «Есіл-СК» жігіттерін тізе бүктіріп, төрт жылдан кейін қайтадан ел чемпионы болды. Қазан айында, өз алаңында өткен ҚР кубогы-2022 додасында топ жарды. Финалда «Буревестник» ұжымын ұтқанын ескерсек, барлық алты ойында басымдық танытты.

Қараша айында ҚР Суперкубогы-2022 матчында да жеңіске жетіп, жалпы, биылғы ел чемпионатының бірінші турында қарсылас шақ келтірмеді. Міне, енді екінші турда осы жеңісті жолдарын жалғастырып отыр. Дәл қазіргі ойын өрнектері мен қарқындарына қарасақ, 2022 жылғы маусымда «алтын требл» жетістігін жүзеге асырған Атырау командасы биылғы маусымдағы ел чемпионатында да топ жаратын секілді.

Турнир кестесінің екінші сатысын «Буревестник» иеленіп тұр. Былтырғы маусыммен салыстырғанда, құрамын толықтай дерлік өзгерткен Алматы ұжымы басқа алты клубқа қарағанда, өрнекті ойын үлгісін көрсетіп жүр. Бірақ олар ел чемпионатында тек бір командаға ғана «азуын» батыра алмай келеді. Бұл тұрғыда бақтары жанар емес.

Ел чемпионатының бірінші жартысында «Павлодар» ВК таң қалдырып келеді. Бұл команда ел кубогы додасында үшінші орынға ие болды. Әрі төл біріншілігімізде де нәтижелі ойын үлгісін көрсетіп келеді. Бұл ретте, ел чемпионына да дес бермей, бір (әзірше жалқы) ұпайдан айырғанын да айта кетуге болады. Көш басындағы қос қарымды командадан екі турда да ұтылған төрт жеңілісі түсінікті болғанымен, «Ұшқын» ұландарымен додаға түскенде сәтсіздікке ұшырағаны, әлі де шыңдала түсуі керек екендігін меңзейді.

Биылғы маусымда ерекше көзге түсіп жүрген команданың бірі ретінде Көкшенің «Ұшқын» клубын да атап өтуге болады. Бұл ұжым бірінші турдан кейін төртінші орынға ие болып, өзінен кейінгі «Тараз» тарландарынан 4 ұпай озық тұрған. Ал енді, яғни екінші турдан кейін бесінші орынға көтерілген «Есіл СК» ерлерінен бес ұпай алда тұр. Көкшетау қырандары Алматыдағы екі турда да 11 ұпайдан еншіледі. 2021/22 жылдар маусымын соңғы, сегізінші орынмен аяқтағандарын ескерсек, биыл қарқынды түрде алға жылжу байқалады.

Былтырғы маусымның күміс жүлдегері, «Есіл СК» клубының қараша айында, керісінше, кежегесі кейін тартты. Маусым аралығында өзінің белді ойыншыларының бәрінен айырылған команда бірінші турда, бір ғана ойында жеңіске жетіп, турнир кестесінде соңғы орынға табан тіреді. Екі тур арасындағы үзіліс кезінде команда құрамын біршама күшейтіп, желтоқсанда былтырғы қарқындарына оралуға тырысты. Әрі екінші турда 13 ұпай еншілеп, үшінші орынға ие болды. Ал екі турдың қорытындысы бойынша, бесінші орынға көтеріліп, өзінен бір саты жоғары орналасқан «Ұшқын» ұландарынан төрт ұпай қалыс келеді.

Турнир кестесінің төменгі бөлігінде үш команда сап түзеп тұр – «Тараз» ВК, «Алтай» және Ұлттық лигаға биыл қосылған «Жайық». Жалпылама түрде айтқанда, үшеуі – бір-бірімен деңгейлес. Кейде көсіле сілтеп, енді бірде кібіртіктеп қалатындары бар. Биыл бұлардың төрттікке ілігулері екіталай және кештеу сияқты, сондықтан биылғы маусымдағы жеке мақсаттарын орындауға ойысатын болар.

Үшінші тур қаңтар айының ортасында Павлодар қаласында өтеді. Әрі Алматыдағы тартысты доп додасынан да асып түспесе, кем болмайтын секілді.

ҰЛ (Е) – 2022/23 маусымына қатысатын командалар:

«Атырау» ВК: ҚР 3 дүркін чемпионы; ҰЛ 2021/22 маусымында – ҚР чемпионы.

«Есіл СК» (Петропавл): ҰЛ 2021/22 маусымында – 2 орын

«Буревестник» (Алматы): ҚР 2 дүркін чемпионы; ҰЛ 2021/22 маусымында – 3 орын

«Тараз» ВК: ҚР чемпионы – 2014/15; ҰЛ 2021/22 маусымында – 4 орын

«Алтай» (Өскемен): ҚР 2 дүркін чемпионы; ҰЛ 2021/22 маусымында – 5 орын

«Павлодар» ВК: ҰЛ 2021/22 маусымында – 6 орын

«Ұшқын» (Көкшетау): ҰЛ 2021/22 маусымында – 8 орын

«Жайык» (Орал): ҚР 2 дүркін чемпионы; 2021/22 маусымы – Жоғарғы Лигада

3-ші тур (11-21 қаңтар 2023. Павлодар)

2-ші тур (06-13 желтоқсан 2022 г., Алматы). Жеңімпаз – «Атырау» ВК

1-ші тур (02-10 қараша 2022. Алматы). Жеңімпаз – «Атырау» ВК

2-ші тур. Ойындар нәтижесі

* 10 желтоқсан – демалыс күні

Бас қазы: Е.Сырлыбаев.; Төрешілер: А.Ахметов, И.Қабылбекова, Н.Өмірзақ, А.Қалиев, М.Шамахунов.

16-ҰЛ Т.png

16-ҰЛ Р.png

06 желтоқсан

«Атырау» ВК – «Есіл СК» – 3:1 (21:25, 25:22, 25:21, 25:18)

«Павлодар» ВК – «Алтай» – 3:0 (25:19, 25:22, 25:23)

«Буревестник» – «Жайық» – 3:1 (25:19, 25:18, 26:28, 25:14)

«Ұшқын» – «Тараз» ВК – 3:2 (23:25, 25:17, 25:23, 17:25, 15:12)

07 желтоқсан

«Жайық» – «Павлодар» ВК – 0:3 (15:25, 19:25, 18:25)

«Алтай» – «Ұшқын» – 1:3 (25:19, 19:25, 22:25, 22:25)

«Атырау» ВК – «Буревестник» – 3:1 (25:23, 23:25, 25:17, 25:18)

«Есіл СК» – «Тараз» ВК – 3:1 (25:18, 20:25, 25:23, 25:16)

08 желтоқсан

«Ұшқын» – «Жайық» – 3:0 (25:22, 25:21, 25:18)

«Тараз» ВК – «Алтай» – 3:2 (25:16, 25:27, 19:25, 26:24, 15:10)

«Буревестник» – «Есіл СК» – 3:1 (17:25, 25:19, 25:14, 25:13)

«Павлодар» – «Атырау» ВК – 2:3 (19:25, 25:23, 25:20, 25:27, 11:15)

09 желтоқсан

«Жайық» – «Тараз» ВК – 3:0 (25:22, 26:24, 25:21)

«Атырау» ВК – «Ұшқын» – 3:1 (25:23, 27:29, 25:22, 25:19)

«Буревестник» – «Павлодар» ВК – 3:1 (21:25, 25:19, 25:17, 28:26)

«Есіл СК» – «Алтай» – 3: 0 (25:11, 25:20, 25:21)

11 желтоқсан

«Павлодар» ВК – «Есіл СК» –3:2 (25:17, 20:25, 25:15, 19:25, 15:11)

«Тараз» – «Атырау» ВК – 0:3 (12:25, 18:25, 18:25)

«Ұшқын» – «Буревестник» – 0:3 (21:25, 17:25, 13:25)

«Алтай» – «Жайық» – 3:1 (21:25, 28:26, 25:23, 25:15)

12 желтоқсан

«Павлодар» ВК – «Ұшқын» – 0:3 (22:25, 20:25, 21:25)

«Есіл СК» – «Жайық» – 3:1 (23:25, 25:17, 25:18, 25:16)

«Буревестник» – «Тараз» ВК – 3:1 (20:25, 25:16, 25:14, 25:22)

«Атырау» ВК – «Алтай» – 3:0 (25-23, 25-17, 25-23)

13 желтоқсан

«Ұшқын» – «Есіл СК» – 1:3 (23:25, 16:25, 25:19, 25:27)

«Тараз» ВК – «Павлодар» ВК – 1:3 (21:25, 25:23, 18:25, 19:25)

«Алтай» – «Буревестник» – 1:3 (14:25, 16:25, 25:23, 18:25)

«Жайық» – «Атырау» ВК – 0:3 (23:25, 20:25, 19:25)

ҚВФ Бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» ҰӘАҚ

ҚВФ ресми демеушісі – «1XBET» БК

Рейтинг@Mail.ru ZERO.kz Яндекс.Метрика