Главная / Главные Новости / «Алтайдың» клубтық Азия чемпионатындағы – қарсыластары mezhdunarodnye-sorevnovaniya

«Алтайдың» клубтық Азия чемпионатындағы – қарсыластары

10/03/2023

Әйелдер арасындағы ХХІІІ клубтық Азия чемпионаты

(2023 Asian Women's Club Championship)

(25 сәуір – 02 мамыр 2023 ж.; Виньфук, Вьетнам)

Ава-КЧА (Ж).jpg

Азия конфедерациясының штаб-пәтерінде 2023 жылғы, әйелдер арасындағы клубтық Азия чемпионатының жеребесі тартылды. 25 сәуірден бастап 2 мамырға дейін Вьетнамда өтетін биылғы құрлықтық додаға тоғыз мемлекеттің чемпионы қатысатын болды. Біздің елдің намысын Өскеменнің «Алтай» клубы қорғайды.

Ашығын айту керек, соңғы төрт жылда Азия конфедерациясы клубтық біріншілікке құрлықтағы кіл мықтыларын жинай алмай жүрді. 2020 жылы бұл дода пандемияға байланысты өтпей қалды. 2021 жылы Таиландта төрт елден жеті команда ғана келді. Олар – Қазақстан, Филиппин, Иран және алаң иелері өкілдері. Тек Парсы елі бір команда жіберіп, қалғаны екі клубтан қосты.

Былтыр Семейде алты команда додаға түсті. Атап айтқанда, Таиланд, Иран, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен бір, ал біздің Ұлттық лигадан екі клуб қатысты. Ал биыл сәуір айының соңында Вьетнам жеріне тоғыз команда додаға түсуі керек. Әрі бұл чемпионатқа Азияның клубтық волейболының кіл мықтылары қайта жинала бастады. Әзірше, тек Оңтүстік Корея клубы жоқ.

Виньфукте былтырғы маусымдағы Қазақстан чемпионы, сондай-ақ Азияның клубтық вице-чемпионы, яғни «Алтай» арулары «В» тобында ойнайды. Бұл топта өскемендіктер Қытай, Таиланд, Моңғолия және Гонконг қыздарымен додаға түседі. Ал екінші топта Жапония, Тайбэй, Иран қыздары мен алаң иелері бақ сынайды.

«Алтай» құрлықтық сынға жетінші рет қатарынан қатысқалы отыр. 2016-19 жылдар аралығында, төрт рет қатарынан төртінші орынға ие болды. Ал 2021 жылы өз тарихында бірінші рет клубтық Азия чемпионы атағын жеңіп алды. Ал былтырғы клубтық біріншілік финалы таза қазақстандық болды.

Петропавлдың «Қуаныш» командасы (2021/22 маусымдағы ҚР чемпионатының қола жүлдегері) халықаралық турнирді ұйымдастырушы елдің атынан екінші ұжым ретінде қатысып (Wild card), күтпеген жерден жеңімпаз атанды. Финалда көпшілікті таң қалдырып, «Алтай» аруларын тай-брейкте ұтып кетті.

Бұл құрлықтық доп додасындағы Қазақстан клубтарының төртінші жеңісі еді. «Алтай» мен «Қуанышқа» дейін екі рет, яғни 2004 және 2007 жылдары Алматының «Рахат» клубы чемпион атанып, сара жол салған. Бұл ретте, біздің елден асып түсіп отырған – тек Қытай (сегіз рет) және Таиланд (алты мәрте) қыздары ғана.

Енді, «Алтайдың» бас бапкері туралы – бірер сөз. 2019 жылы, тура осы клубтық Азия чемпионатынан кейін Юрий Панченко клубтан кеткен. Сол жолы Өскемен клубы төртінші рет қатарынан үшінші орын үшін өткен матчта ұтылып қалған. Ал бұл Панченконың «Сарықұрлық» додасындағы екінші рет қатарынан ұтылған жеңілісі болатын. Яғни «Алтайдың» қазіргі бас бапкері үшінші рет бағын сынап көреді.

Жалпы, Азия клубтарының «Алтайға» деген көзқарастары өзгеше болатын шығар. Себебі Өскемен қыздары – соңғы екі жылда клубтық Азия чемпионатының финалында ойнаған ұжым. Қалай десек те, алтайлықтардан қауіптеніп, мейілінше сақ болуға тырысатындықтары анық. Негізі, «Алтайға» да мейілінше сақ болу керек. Былтырғы қателіктерін енді қайталамайды деп үміттенеміз.

«А» тобы: Жапония, Вьетнам, Тайбэй, Иран.

«В» тобы: Қазақстан («Алтай»), Қытай, Таиланд, Моңғолия, Гонконг.

001.jpg

Топтық кезеңдегі ойындар кестесі (25-29 сәуір)

25 сәуір («В» тобы): «Алтай» – (Таиланд), (Моңғолия) – (Қытай).

26 сәуір («В» тобы): «Алтай» – (Моңғолия), (Гонконг) – (Таиланд).

27 сәуір («В» тобы): «Алтай» – (Қытай), (Гонконг) – (Моңғолия).

28 сәуір («В» тобы): (Таиланд) – (Моңғолия), (Қытай) – (Гонконг).

29 сәуір («В» тобы): «Алтай» – (Гонконг), (Таиланд) – (Қытай).

002.jpg

Клубтық Азия чемпиондары (бәрі):

2022 – «ҚУАНЫШ» (Қазақстан),

2021 – «АЛТАЙ» (Қазақстан),

2019, 2012, 2008, 2006, 2005 – «Tianjin Bohaibank»/«Tianjin Bridgestone» (Қытай), 2018, 2017 – «Supreme Chonburi» (Таиланд), 2016 – «NEC Red Rockets» (Жапония), 2015 – «Bangkok Glass» (Таиланд), 2014, 2002 – «Hisamitsu Spring»/«Hisamitsu Seiyaku Spring Attackers» (Жапония), 2013 – «Guangdong Evergrande» (Қытай), 2011, 2010, 2009 – «Chang»/«Federbrau» (Таиланд),

2007, 2004 – «РАХАТ» (Қазақстан),

2001, 2000 – «Shanghai Cable TV» (Қытай), 1999 – «LG Caltex Oil Corp» (Оңтүстік Корея).

* 2003 және 2020 жж. – өткізілген жоқ.

  • 2004 ж. – Алматыда, 2017 және 2018 жж. – Өскеменде, ал 2022 ж. – Семейде өтті.

ҚАЗАҚСТАН әйелдер арасындағы клубтық Азия чемпионаттарында:

2023 (Вьетнам) – (9). «Алтай»

2022 (ҚАЗАҚСТАН) – ЧЕМПИОН (6). «ҚУАНЫШ» (Петропавл)

– 2 (6) орын. «Алтай»

2021 (Таиланд) – ЧЕМПИОН (7). «АЛТАЙ»

– 5 (7) орын. «Жетісу»

2019 (Қытай) – 4 (10) орын. «Алтай»

2018 (ҚАЗАҚСТАН) – 4 (9) орын. «Алтай»

2017 (ҚАЗАҚСТАН) – 4 (8) орын. «Алтай»

2016 (Филиппин) – 4 (12) орын. «Алтай» (Өскемен)

2015 (Вьетнам) – 5 (9) орын. «Жетісу»

2014 (Таиланд) – 3 (10) орын. «Жетісу»

2013 (Вьетнам) – 2 (8) орын. «Жетісу»

2012 (Таиланд) – 4 (9) орын. «Жетісу»

2011 (Вьетнам) – 3 (8) орын. «Жетісу»

2010 (Индонезия) – 2 (10) орын. «Жетісу»

2009 (Таиланд) – 4 (11) орын. «Жетісу»

2008 (Вьетнам) – 6 (8) орын. «Жетісу» (Талдықорған)

2007 (Вьетнам) – ЧЕМПИОН (8). «РАХАТ»

2006 (Филиппин) – 4 (7) орын. «Рахат»

2005 (Вьетнам) – 4 (7) орын. «Рахат»

2004 (ҚАЗАҚСТАН) – ЧЕМПИОН (6). «РАХАТ»,

– 4 (6) орын. «Астана» ВК

2002 (Таиланд) – 3 (8) орын. «Рахат»

2001 (Вьетнам) – 4 (8) орын. «Рахат» (Алматы)

1999 (Таиланд) – 4 (6 команда қатысты) орын. «Алма-Динамо» (Алматы)

* 2000 ж. – қатысқан жоқпыз, 2003 және 2020 жж. – өткізілген жоқ.*

  • 2004 г. – Алматыда, 2017 және 2018 жж. – Өскеменде, 2022 ж. – Семейде өтті.

ҚВФ Бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» ҰӘАҚ

Рейтинг@Mail.ru ZERO.kz Яндекс.Метрика