Главная / Главные Новости / Қайырбек Хамзин – «Жылдыӊ үздік меценаты» nacionalnaya-liga

Қайырбек Хамзин – «Жылдыӊ үздік меценаты»

24/12/2022

Астанада тұңғыш рет, спорт саласында «Жеңімпаз рухы-2022» ұлттық спорт сыйлығын табыстау кеші өтіп, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі 2022 жылғы үздік спортшыларға, басшыларға, жаттықтырушыларға және спорт ұйымдарына бөле-жара құрмет көрсетті.

Жалпы, 14 номинация бойынша 20 лауреат үздіктердің үздігі болып танылды. «Үздік меценат» номинациясы бойынша Петропавлдың «Қуаныш» волейбол клубын құрған және әйелдер арасындағы осы клубтың директоры Қайырбек Хамзин теңдессіз болып танылды.

хамзин.jpg

Осыдан он жыл бұрын, 2012 жылы Қазақстан волейболы картасында жаңа команда пайда болған еді – «Қуаныш және К». Клуб атауы Солтүстік Қазақстан облысындағы Тимирязав ауданында орналасқан, Қайырбек Сәдуақасұлы Хамзин басқаратын фермерлік шаруашылықтың атауымен бірдей болды. Яғни бұл клубтың шаңырағын көтеріп, құрған – бір өзі.

2012 жылы 13 қараша күні оның осы командасы Қазақстан чемпионатында тұсауын кесіп, алғашқы ойынын өткізді. Бұл ел біріншілігінің «Б» Жоғарғы дивизионы болатын. Бір жылдан кейін Хамзиннің командасы бұл лигада топ жарып, «А» дивизионына көтерілді. Ал содан екі жылдан соң біріктірілген Жоғарғы дивизионда үздік шығып, «Қуаныш және К» Ұлттық лигада бақ сынау құқығына ие болды.

Команда бірден нәтиже қумай, жыл өткен сайын шеберлігін шыңдай түсіп, Петропавл облысының орталығына көшіп, қоныс ауыстырды. Ал жастары қосалқы құрам арасындағы ел біріншілігінде ерекше көзге түсе бастады. Осыдан бір жыл бұрын «Қуаныш» кіл мықтылар арасында алғаш рет қола жүлде жеңіп алды.

2017-18. Куаныш-2.jpg

«Қуаныш» бұл жетістігін биыл да қайталап, сол үшін 2022 жылғы өз елімізде өткен клубтық Азия чемпионатына шақыртылды. Ал 30 сәуір күні клуб тарихында және басшысы өмірінде ең елеулі, ұмытылмас оқиға болды. Команда ешкім ойламаған жерде жеңіске жетіп, құрлық додасы финалында бағы жанып, клубтық Азия чемпионы болды.

ЧА.jpg

Өмірде мұндай да болады. Қайырбек Сәдуақасұлы Қазақстан чемпионатында топ жаруды армандап жүргенде, оның командасы Халықаралық кубок жеңімпазы атанды. Ал жақында ғана «Қуаныш» командасы әлем волейболы масштабына дейін танылып, клубтық Әлем чемпионатында ел намысын қорғады.

Міне, осылай, Хамзин құрған команда өзінің және Қазақстан волейболының тарихын тың жетістіктермен толықтырып келеді. Еліміздің волейбол қоғамдастығы атынан Қайырбек Сәдуақасұлын лайықты марапатымен құттықтаймыз. Сізді мақтан тұтамыз және осы ерен Жеңісіңізге бәріміз қосыла қуанамыз!

семей.jpg

Рейтинг@Mail.ru ZERO.kz Яндекс.Метрика