Главная / Главные Новости / Еліміздің үздік жұбы – әлемдік додада төртінші plyazhnyj-volejbol

Еліміздің үздік жұбы – әлемдік додада төртінші

25/04/2023

Әлемдік Про-тур-2023 (ерлер, әйелдер)

FIVB World Beach Pro Tour Futures – Satun, THA

(20-23 сәуір 2023 ж.; Сатун, Таиланд)

Futures.png

Қазақстан құрамасы «Pro Tour Futures» додасында:

Дмитрий Яковлев / Сергей Богату: 4-орын

Кирилл Гурин / Нұрдос Алдаш: 17-орын

Лаура Қабылбекова / Надежда Иванченко: 17-орын

Анастасия Уколова / Дана Шыңғысова: 21-орын

пара.jpg

Жағажай волейболынан Қазақстан құрамасының қыз-жігіттері биылғы, халықаралық 2023 жылғы маусымды «Samila Open» айдарымен өткен Азия турында ашып, іле-шала FIVB туы астында ұйымдастырылған, «Фьючерс» санатындағы, Әлемдік Про-турда да бақтарын сынап көрді.

Тай елінің Сонгкхла аймағынан Сатун деп аталатын екіншісіне ойысып, Қазақ елінің қыз-жігіттері «Фьючерс» аясындағы «Про-тур» турниріне қатысты. Бұл FIVB туы астында өтетін жаңа турнир сериялары. Бұған дейінгі Әлемдік тур додаларының орнын басады (бір және бес жұлдызды санаттардағы).

Бұл «Про-тур» үш деңгейде ұйымдастырылады. Ең жоғарғы эвенті – «Top-16 / Elite16». Мұнда тек ерлер және әйелдер арасындағы бүкіләлемдік рейтингте үздіктер сапына іліккен командалар ғана өнер көрсетеді. Келесі деңгей – «Челленджер / Challenge». Мұның топтық кезеңіне 24 команда қатысады. Топ жарғандар «Top-16» деңгейіне көтеріліп, кіл мықтылар арасында бақ сынайды.

Ал үшінші деңгейі немесе санаты – «Фьючерс / Futures». Бұл – жас ойыншылар мен рейтингтері төмен (тіпті мүлде жоқ) командаларға арналған дода. Мұнда өрнекті ойын үлгісін көрсетіп, көп ұпай жинағандар «Challenge» ұйымдастырушыларының көздеріне түсе алады. Осындай ерекше «лифт», яғни жүйе барлық командаларға шыңдалып, тәжірибелерін толыстырып, рейтингтік ұпайлар жинап, ең жоғарғы деңгейге дейін көтеруліге мүмкіндік береді.

Сатун жағажайында ерлер арасында да, әйелдер арасында да негізгі кестеде 12 жұптан болды. Ал қалған төрт жұп іріктеу ойындарынан кейін анықталды. Бүкіләлемдік рейтингке сәйкес, Қазақстан құрамасының үздік жұбы Дмитрий Яковлев пен Сергей Богату бірден топтық кезеңге түсті. Қалған үш жұбымыз іріктеу кезеңінде додаға түсіп, топтық кезеңге жолдама алуға тырысты.

Сөйтіп, жігіттер арасындағы сында 16 жұп, ал қыздар арасындағы додада 10 дуэт төрт жолдаманы (барлығы сегіз) сарапқа салды. Өкінішке қарай, ерлер арасында өнер көрсеткен Кирилл Гурин мен Нұрдос Алдаш та, әйелдер арасында сынға түскен Лаура Қабылбекова мен Надежда Иванченко да, сондай-ақ Анастасия Уколова мен Дана Шыңғысова да електік кезеңнен өте алмады.

Уколова мен Шыңғысова бірінші айналымда Гонконг қыздарынан ұтылды. Ал Қабылбекова мен Иванченко іріктеу сынын екінші айналымнан бастап, Индонезия аруларына тағы да есе жіберіп алды. Олар бір апта бұрын, тура осы жұптан «Samila Open» турнирінде де жеңіліп қалған болатын.

Ерлер арасындағы Ұлттық құраманың екінші нөмірлі жұбы «Про-тур» додасын жеңіспен бастады. Әуелі тай-брейкте Израиль жігіттерінен басым түсті. Бірнеше сағаттан кейін тағы да тай-брейкте додаға түсіп, Швеция жұбынан ұтылып қалды.

Осылай, ерлер арасында Гурин мен Алдаш, ал әйелдер арасында Қабылбекова мен Иванченко бүкіләлемдік алғашқы іріктеуде 17-орындармен шектелді. Ал Уколова мен Шыңғысова қыздар додасында 21-орынды қанағат тұтты.

Ерлер арасындағы Ұлттық құрамамыздың үздіктері болса, бұл турнирде бастан-аяқ ойнап шықты. Әр төрттіктегі төрт команда әуелі, жеребе арқылы бірінгі ойындарын өткізді. Осы матчтарда жеңіске жеткендері өз топтарында 1-2 орындарды сарапқа салды. Жеңіске жеткендері тікелей ширек финалға шығып, ұтылып қалғандары 3-орын үшін тағы бір матчтан өткізді.

Бұдан соң топ жеңімпапздары тыныстап, өз топтарында екінші және үшінші орынға ие болған 8 команда ширек финалға шығатын екінші төрттікті анықтады. Бұдан әрі бәрі де плей-офф жүйесі бойынша өтті. Осылай топтық кезеңдегі бірінші матчтың маңызы өте зор болды.

Яковлев пен Богату алғашқы ойындарын Жаңа Зеландия жігіттерімен өткізіп, жеңіске жетті. Сөйтіп, келесі кезеңде, яғни шартты түрде 1/16-финалында бақ сынау құқығына бірден ие болды. Алайда, екінші ойындарында, турнир қожайындары үкілеп қосқан төрт жұптың біреуінен ұтылып қалды. Бұл жұп осы турнирге екінші нөмірлі жұп ретінде тіркелген, тәжірибелі команда болатын.

Есесіне, бұдан кейін олар Тай елінің екі жұбынан басым түсті. Әуелі осы елдің үшінші нөмірлі жұбын ұтты. Ширек финалда Таиланд құрамасының іріктеу додасы арқылы топтық кезеңге шыққан, төртінші нөмірлі құрамасымен кездесіп, тай-брейкте тізе бүктірді.

Дмтрий мен Сергей жартылай финалда Германия жігіттеріне есе жіберіп алды. Сәл кейінірек осы жұп алғашқы Фьючерс додасының жеңімпазы атанды. Үшінші орын үшін өткен матчта да Яковлев пен Богату аянған жоқ. Алайда тай-брейкте бақтары жанбай Франция жұбынан ұтылып қалды. Бұлар да топтық кезеңге іріктеу додасы арқылы шыққан жанкешті жігіттер екен.

Осылай, Қазақстан құрамасының үздік жұбы көңілге қонымды нәтиже көрсетіп, алғашқы Әлемдік Про-тур додасында 4-орынға ие болды. Бұл ретте, ерлер арасындағы додаға 15 мемлекеттен 28 комада қатысқандығын ескерте кеткен жөн болар. Таратып айтқанда, олар:

AVC елдерінен – Қазақстан, Жапония, Австралия, Таиланд және Жаңа Зеландия; Еуропадан – Германия, Франция, Швеция, Австрия, Финляндия, Швейцария, Польша және Израиль; Солтүстік Америкадан – АҚШ, Африкадан – Гамбия.

Әйелдер арасында 11 мемлекеттен 22 команда бақ сынады – Қазақстан, Австралия, Таиланд, Жапония, Гонконг, Жаңа Зеландия, Ванату, Индонезия, сондай-ақ Чехия, Швеция және Литва.

Біздің командалардың соңғы рет еуропалықтармен ойнап, «халықаралық» санатқа сай турнирлерге қатысқаны сонау 2019 жылдың еншісінде екенін, яғни осыдан төрт жыл бұрын өткендігін де, есімізге түсірген артық бола қоймас деп ойлаймыз.

богату=яковлев.gif

флаги.jpg

========================================================

FIVB World Beach Pro Tour Futures – Satun, THA

3-орын үшін (23 сәуір)

23.04. Яковлев / Богату – Cattet / Barthelemy (Франция) – 1:2 (21-16, 16-21, 15- 17)

Жартылай финал (23 сәуір)

23.04. Яковлев / Богату – Huster / Pfretzschner S. (Германия) – 0:2 (15-21, 16-21)

Ширек финал (22 сәуір)

22.04. Яковлев / Богату – I.Nuttanon / Netitorn (Таиланд) – 2:1 (21-11, 14-21, 15-13)

1/6-финалы (22 сәуір)

22.04. Яковлев / Богату – N.Banlue / Intuch (Таиланд) – 2:0 (21-17, 21-19)

Топтық кезең (21 сәуір)

21.04. («B», 1-2 орындар үшін) Яковлев / Богату – J.Surin / K.Dunwinit (Таиланд) – 0:2 (17-21, 18-21)

21.04. («B», іріктеу) Яковлев / Богату – Shen / Kiu N. (Жаңа Зеландия) – 2:0 (21-17, 21-16)

Іріктеу сатысы (20 сәуір)

20.04. (2-айналым) Гурин / Алдаш – Annerstedt / WijkTegenrot (Швеция) – 1:2 (21-18, 13-21, 11-15)

20.04. (1-айналым) Гурин / Алдаш – Hadar / Lanciano (Израиль) – 2:1 (19-21, 21-19, 15-12)

20.04. (2-айналым) Қабылбекова / Иванченко – Yokebed / Nur Atika (Индонезия) – 0:2 (15-21, 10-21)

20.04. (1-айналым) Уколова / Шыңғысова – W.T.TO / M.C.Wong (Гонконг) – 0:2 (19-21, 13-21)

як-спина.jpg

бог-спина.jpg

ҚВФ Бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» ҰӘАҚ

Рейтинг@Mail.ru ZERO.kz Яндекс.Метрика